Астанадағы III Халықаралық балет әртістері конкурсының лауреаттары анықталды.
Астанадағы балет әртістері конкурсының үшінші, соңғы сайысы аяқталып, лауреаттардың есімі жария етілді. Бір апта бойы әлемнің түкпір-түкпірінен – Ресей, Жапония, Беларусь, Украина, Қазақстан және өзге деелдерден жиналған конкурсанттар шеберлігін паш етті. Конкурсбағдарламасы алуан-түрлі әрі мейлінше мазмұнды болды: бірінші сайыста міндетті түрде классикалық балет вариациялары мен дуэттерін, екінші сайыста заманауи хореографияны көрсету керек болды. Осының арқасында конкурсқа қатысушылар өз мүмкіндіктерін барынша аша алды. Қазылар алқасының қатал іріктеуінен кейін, үшінші сайысқа кәсіби шеберлігі мен шығармашылық әлеуеті толысқан16 әртіс жіберілді. Сайыс қыза түсті. Конкурсқа қатысушылардың баллдарының айырмашылығы мардымсыз еді. Қазылар алқасы кіл жақсының ішінен мықтыларды анықтауы тиіс болды. Конкурс қорытындысын шығармас бұрын, қазылар алқасы екі сағатқа жуық уақыт талқылау жүргізді. Сөз арасында, қазылар алқасы конкурстың жоғары деңгейі мен мінсіз ұйымдастырылғанын атап өтті.
Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар демекші, конкурстың сөзсіз көшбасшысы, Гран-при иегері ASTANA OPERA театрының солисті Бахтияр Адамжан болы.
Ерлер арасындағы бірінші және екінші сыйлықты астаналық театрдың солистері Серік Нақысбеков пен Еркін Рахметуллаев қанжығасына басты. Жас әртіс Серік Нақысбеков Астана қаласы әкімшілігінің де арнайы жүлдесіне ие болды. Ал, Еркін Рахметуллаев Петипа мұрасының қоры мен «PETIPA PRIX» Братислава ұлттық театры тағайындаған — классикалық мұраның үздік интерпретаиясы атты арнайы жүлдені иеленді. Сөйтіп, Братислава ұлттық театрының сахнасында 2016-2017 жж. театр маусымында Мариус Петипаның «Корсар» балетінде басты ер партиясын орындау мүмкіндігіне ие болды.
Үшінші сыйлықты Беларусиялық Константин Героник пен Қырғызстандық Фарух Садыркулов өзара бөліп алды. Біріншісінің бейнені сомдау шеберлігі мен екіншісінің техникалық шеберлігі көрермен тарапынан да жоғары бағаланып, екеуі де конкурс барысында үнемі қошеметке ие болды.
Қазылар алқасы әйелдер арасында бірінші жүлдені үлестірмейміз деп шешті. Әйтсе де, бұл – сайысқа қатысушысы әйелдердің кәсіби әліздігін емес, қазылар алқасының талапшылдығы мен конкурс мәртебесін айғақтаса керек.
Екінші сыйлықты Украинадан келген конкурсанттар Наталья Ивасенко мен Элина Походных бөліп алды. Соңғысының академизмі мен би мәнерін қазылар алқасының төрайымы Алтынай Асылмұратова ерекше атап өткен-тін. Элина Походных пен Константин Героник ASTANA OPERA театры тағайындаған арнайы жүлдеге ие болды. Нақтырақ айтсақ, 2016-2017 жж. театр маусымында спектакльге қатысуға шақырту алды.
Әйелдер арасындағы үшінші сыйлықты Беларусиядан келген, техникалық шеберлігі толысқан Александра Чижик иеленді. Ал, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің атынан Украинадан келген Элина Походныхқа – Классикалық бидің мінсіздігі мен тазалығы үшін атты арнайы жүлде тапсырылды.
Жұптағы серік ретінде арнайы жүлдеге Украиналық Виктор Томашек ие болды.
Әйгілі қазақ бишісі, Халық әртісі Рамазан Бапов атындағы арнайы жүлдеге Абай атындағы МАОБТ әртісі, көрерменнің зор ықыласына бөленген Рүстем Иманғалиев ие болды.
Якутиялық жас балет жұбы Мария Кузьмина мен Тимофей Федотов «Үміт» жүлдесіне ие болды. Олар үшінші сайысқа өте алмағанымен, қазылар алқасының тарапынан олашағы зор әртістер ретінде бағаланды.
«АСТАНА БАЛЕТ» театрының солисті Риза Қанатқызы заманауихореографияны үздік орындағаны үшін арнайы сыйлықтың лауреаты атанды.
«Шығармашылық сайыста жеңілгендер мен жеңімпаздар болмайды. Себебі, мұнда бәрінің де ұпайы түгел, — деді, өз сөзінде қазылар алқасының төрайымы Алтынай Асылмұратова. – Сендер тың тәжірибеден өттіңдер, біз сендердің мүмкіндіктеріңе көз жеткіздік. Ең бастысы, баршаңыздың алдында жаңа мақсаттар пайда болды. Менің ойымша, сендер бір-біріңмен де мол тәжірибе алмастыңдар».
Үшінші халықаралық балет әртістері конкурсының құрылтайшысы, «Балет пен ұлттық биді дамыту және қолдау қоры» жеке қорының мүшелері өздерінің басты мақсаты — Қазақстанда классикалық балет өнерін насихаттап, дарынды әртістерді айқындау деп есептейді.
Астанада Қазақ ұлттық хореограия академиясының ашылуы мен аталған конкурстың өтуі осы мақсаттардың жүзеге асырылып жатқандығының белгісі деп атап өтті өз сөзінде, балет өнері саласындағы беделді сарапшы, Бейжің би академиясының профессоры Сяо Сухуа: «Меніңше, бұл конкурс қазақ балет өнері үшін де өте маңызды. Сендердің театрларың тамаша, Азиядағы үздік театрлардың бірі екені даусыз. Сонымен қатар, біз жаңа Хореография академиясын көрдік. Өз басым, әлемде мұның баламасын көрген емеспін. Тағы айтарым, сендердің классикалық би мектептерің де өте мықты. Ал, енді, балет труппасының мен Академияның басшылығына Алтынай Асылмұратова есімді һас шебер тағайындалғандықтан, шеберлік деңгейі өсе түсері даусыз. Себебі, ол өте талапшыл. Сендердің елдеріңде мәдениетке қаншалықты көңіл бөлініп отырғанын көргенімде, осы жолдың парасатын аңғарамын. Өйткені, мәдениеті жоғары елдің рухы да биік болады».
Enter - iздеуді бастау үшін