Астанада «Арнау» атты ұлттық би кеші өтті

Астанада «Арнау» атты ұлттық би кеші өтті. Ұйымдастырушылары: Балет пен ұлттық биді дамыту және қолдау қоры мен «Астана Балет» театры.

30-қараша мен 1-желтоқсанда өткен екі кеш бойы «Астана Балет» өз өнерін паш етті. Бұл бағдарламаға үздік хореографиялық миниатюралар мен спектакльдердің үзінділері енді: «Жусан», «Арулар шеруі», «Нұрға бөлену», «Нұр шашу», «Әсем қоңыр» және т.б.
  

Ұйымдастырушылар, кеш қонақтарына тағы бір тосын сый әзірлеп қойды. Театр фойесінде ұлттық бидің дамуына арналған фотокөрме орналасты. Бұл көрмеден қазақ бишілерінің өткен ғасырдың 30-90 жылдардағы фотосуреттері көре алдық. Олардың әрқайсысының есімі – Қазақстан хореография тарихының жеке парағы: Нұрсұлу Тапалова, Қамыс Қарабалинова, Ракүл Тәжиева, Зайнаб Розмұхамедова, Роза Әлжанова, Роза Еслямғалиева, Гүлжан Талпақова, Тойған Ізім, Фируза Жұлымбетова, Лариса Мажикеева, Ғайникамал Бейсенова, Айгүл Тәти, Гүлнар Пішенбаева және т.б. Әрине, көпшіліктің назарын аударған – ХХ ғасырдың жарқын бишісі, кәсіби ұлттық бидің негізін қалаушы – Шара Жиенқұлованың фотосуреттері еді.

Фотокөрмеге жетекшілік еткен – Қазақстанға аты мәшһүр ұстаз-репетитор Анвара Садықова.

Enter - iздеуді бастау үшін